Маңғыстау облысында сұйытылған газ мәселесі нақты шешімін таппай тұр. Облыс бойынша көгілдір отынды сататын станса қожайындары бүгін тағы да әкімдік жанына жиналды. Олар бірнеше жылдан бері түйінін таппаған мәселенің басын ашуды сұрайды.
Жиналған кәсіпкерлер сұйытылған газ әр кәсіпкерге қолжетімді болсын деген талап қойды. Ал ол үшін электронды сауда алаңы арқылы сатып алу тиімдірек. Алайда газ мөлшерін бөлу министрлік тарапынан бекітіледі екен.
Әбден ашынған кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері шешімін таппаған мәселенің бизнеске жасалған қастандық екенін айтады. Олар әкімдік пен министрлікке жазылған хаттың шегі болмаса да, нақты жауап ала алмай сандалып жүргендеріне ызалы. Көбі түрлі тосқауылдарға байланысты сұйытылған газды келісімшарт жасалмаған газ сақтау стансасынан қымбатқа алуға мәжбүр болыпты. Соның кесірінен бағаны да көтеруге тура келеді. Өздерінің айтуынша, әділ бөлінуі үшін көгілдір отынды әр кәсіпкер электронды сауда алаңында ала алатындай болуы тиіс.
Қазақстан бойынша көгілдір отын қорының 25 пайызы ғана электрондық сату алаңы арқылы іске асады. Қалған 75 пайызы газ сақтау стансаларына беріледі. Ал наразы топ бұл әрекет газ сақтау стансаларының пайда көруіне әкеп соғатынын айтады. Жалпы, Маңғыстау өңіріне республикалық қордан 17 мың тоннадан аса сұйытылған газ бөлінеді. Алайда бұл көрсеткіш те тұрақты емес. Берілетін көлем ай сайын министрліктің шешімімен өзгеріп тұрады.
Айдос ХАМИЕВ, Маңғыстау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– Президент әкімшілігіне, энергетика министрлігіне Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлерден ұжымдық арыздар түсті. Осы ұжымдық өтініштеріне сәйкес, 25 пайыз деңгейінде уақытша қалдыру шешімі қабылданды.
Әлихан ҚЫРАУБАЕВ, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Өтінімдерді энергетика министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссия бар, сол комиссия ай сайын қарап, бекітеді.
Жиналған топ әкімдік әлжуаздық танытып жүргенде біраз адам жұмысынан айырылып жатыр деп шырылдайды. Қалай десек те, сиырқұйымшақтанып кеткен мәселе кәсіпкерлердің күмәнін тудырып отыр.