CaspianLife. 3 қараша. Үкімет отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина саласындағы қоғам назарын аударған оқиғаларға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Алғашқы мәселе Жамбыл облысындағы жасөспірімнің жағдайына қатысты болды. Бірнеше күн бұрын Бірлесу-Еңбек ауылында 14 жастағы баланың соққыға жығылып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Туыстарының айтуынша, жасөспірім қатты соққы алған. Министр оның жағдайы әлі де ауыр екенін мәлімдеді.
«Жасөспірімнің жағдайы ауыр. Ол медикаментозды комада жатыр. Әзірге тасымалдауға келмейді. Жағдайы жақсарып, Астана қаласындағы ауруханаға жеткізуге мүмкіндік туады деп күтіп отырмыз», – деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ министр Ташкент қаласында ауруханаға жатқызылған қазақстандық жас футболшылардың жағдайына тоқталды. Dostlik Cup 2026 халықаралық фестивалі кезінде бірнеше қатысушының денсаулығы күрт нашарлаған. Ата-аналары балалар қонақүйдегі тағамнан уланғанын айтқан. Министрдің сөзінше, балалардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір олар қажетті ем қабылдап жатыр.
«Біз бірден Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановпен байланысқа шықтық. Министрлік балалардың жағдайын бақылауда ұстап отыр. Емдеу біздің хаттамаларға сәйкес жүргізілуде. Спортшылардың жағдайы тұрақты. Бүгін онлайн форматта конференция өткізіп, әр баланың жағдайы туралы ақпарат алдық. Себебі – тағамнан улану», – деді министр.
Ауруханаға түскен футболшылардың басым бөлігі елге қайтып келе жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, Өзбекстан дәрігерлерінің бақылауында 11 бала мен үш ересек адам қалып отыр.
Брифингте Ақтау қаласында дәрігер мен науқастың әкесі арасында болған жанжал да сөз болды. Баласын ауруханаға алып келген әкесі хирургқа шабуыл жасаған. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Журналистер медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдату науқастардың дәрігерлердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдануына кедергі келтірмей ме деген сауал қойды. Министр ешбір тараптың мүддесін жақтамайтынын және оқиғаға қатысушылардың әрекетіне тергеу нәтижесінде баға берілетінін айтты. Оның сөзінше, балаға аппендицит диагнозы қойылып, дәрігерлер қажетті операция жасаған.
«Ата-анасы баланы кемінде екі рет қолхат жазып, ауруханадан алып кеткен. Жалпы, баланы ауруханаға үш рет әкелген. Ең алдымен баланың жағдайын ойлауымыз керек. Қылмыстық іс қозғалды. Мен ата-ананы да, дәрігерді де жақтап отырған жоқпын, ешкімнің жағына шықпаймын. Тергеу нәтижесін күтейік», – деді Ақмарал Әлназарова.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: «Курсив»

