CaspianLife. 20 қазан. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қайырымдылықтың бірыңғай цифрлық ресурсы жұмыс істей бастайды. Қайырымдылық ұйымдары осы ресурста өз қызметі туралы мәліметтер мен жылдық есептерін қазақ және орыс тілдерінде жариялауға міндетті. Бұл талап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 9 қазандағы бұйрығымен бекітілген.
Цифрлық ресурстың мақсаты – қайырымдылық қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымдардың есептілігін арттыру. Құжатқа сәйкес, ресурсқа орналастырылған ақпарат көпшілікке қолжетімді болады.
Тіркелу үшін қайырымдылық ұйымы электронды өтінім беріп, оған құрылтай құжаттары мен заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын құжатты қоса тапсыруы қажет. Тіркеуден кейін уәкілетті орган ұйымға жеке кабинетке кіру мүмкіндігін береді. Ұйым тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеке кабинетіне өз қызметі туралы мәліметтерді орналастыруға міндетті.
Сонымен қатар қайырымдылық ұйымдары жыл сайынғы есебін 31 наурыздан кешіктірмей жариялауы тиіс. Есеп қазақ және орыс тілдерінде дайындалуы қажет.
Дереккөз: forbes.com

