CaspianLife. 19 қазан. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы күтім жәрдемақысы белгіленген талаптарға сай келетін аналарға ғана тағайындалады. Декреттік демалысқа шыққан әкелер бұл төлемді алу құқығынан айырылады. Алайда жұмыс істейтін ер адамдардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығу құқығы сақталады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жәрдемақының атауы мен мақсаты өзгереді.
«Жәрдемақының атауы да, мақсаты да өзгереді. Енді ол ана мен балаға арналған жәрдемақы деп аталады. Ер адам бала күтімімен айналысу үшін декреттік демалысқа шыға алады, бірақ жәрдемақы алмайды. Төлем тек анасына беріледі», – деді министр.
Оның түсіндіруінше, егер бала күтімімен әкесі айналысса, анасы жұмысқа шығып, мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын сақтай алады. Төлемнің қай көзден берілетіні отбасының әл-ауқат санатына байланысты болады.
А және В санатындағы отбасыларға жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленеді. Ал С, D және Е санатындағы отбасыларда бала туғанға дейін жұмыс істеген аналар төлемді МӘСҚ-тан алады. Бұған дейін жұмыс істемеген аналарға жәрдемақы республикалық бюджеттен беріледі.
Баланы анасының көмегінсіз жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер үшін басқа әлеуметтік төлем қарастырылған. МӘСҚ басқарма төрағасы Алмас Құрмановтың айтуынша, мұндай жағдайда төлем әкесінің атына қайта рәсімделеді.
«Әкесі баламен жалғыз қалған жағдайда, өмірде түрлі жағдайлар болады, ол баланың жалғыз қамқоршысы ретінде төлем алады. Төлем әкесінің атына қайта рәсімделеді», – деді ол.
Бұған дейін мемлекет ауқатты қазақстандық аналарға республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылардың бір бөлігін беруді тоқтататыны хабарланған еді. Ал МӘСҚ есебінен төленетін төлемдер отбасының материалдық жағдайына қарамастан сақталады. Ол үшін әйел декреттік демалысқа шыққанға дейін қорға әлеуметтік аударымдар жасаған болуы керек.
Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгеріп жатыр. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 түрлі жәрдемақының 14-і отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. С, D және Е санатындағы отбасылар осы 14 төлемнің барлығын алу құқығын сақтайды. Ал табысы жоғары А және В санатындағы отбасылар үшін оларды алу мүмкіндігі шектеледі. Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындалады.
Үкіметтің есебінше, бұл өзгерістер 2027 жылы бюджет қаражатының 700 млрд теңгесін, ал үш жылда 2,5 трлн теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Билік жаңа тәсіл мемлекеттік қолдауды ең алдымен негізгі қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз ету қиын отбасыларға бағыттауға көмектеседі деп есептейді.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: altainews.kz

