CaspianLife. 16 қазан. Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған газ құю бекетіндегі өртке қатысты сот үкімі шықты. Станция иесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді. Сот оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Еділ Құдайбергеннің хабарлауынша, сотталған азаматқа үш жыл бойы жарылыс қаупі бар нысандарда басшылық қызмет атқаруға да тыйым салынды.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар үш жыл мерзімге жарылыс қаупі бар нысандарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы 5-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, жазасын өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелері белгіленсін», – деп үкімді жариялады судья.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының жәбірленушілерге моральдық және материалдық шығынды өтегенін, сондай-ақ бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерген.
Қайғылы оқиға биыл 19 маусымда болған. Сазды ауылынан қалаға келген отбасы жолай тұрмыстық газ баллонын толтыруды ұйғарған. Газ құю кезінде баллон жарылып, артынша көлік өртенген. Жүргізуші көліктен шығып үлгергенімен, денесінің 45 пайызы күйік шалған. Ал оның әйелі мен 10 және 6 жастағы екі қызы көліктен шыға алмай, қаза тапқан.
Материалда келтірілген нұсқа бойынша, жарылысқа оператордың қателігі себеп болған. Ол жұмысқа уақытша, небәрі бір күнге қабылданған және газ беруді тоқтататын батырманың қай жерде орналасқанын білмеген. Соның салдарынан баллонға газ белгіленген мөлшерден артық толтырылып, жарылыс болған.
Камшат Секенбайқызы, Ақтөбе облысы

