CaspianLife. 16 қазан. Атырау облысында алимент төлемегендердің жалпы берешегі 4,8 млрд теңгеден асты. Балаларының алдындағы міндеттемелерін орындамай жүрген 4 мыңға жуық адам іздеуде жүр. Соның салдарынан 5 мыңнан астам бала ата-анасының бірі ажырасқаннан кейін төлеуге міндетті алиментті ала алмай отыр.
Мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін Атырау облысының Әділет департаменті облыстық прокуратура, полиция департаменті, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Кеңес барысында Әділет департаменті борышкерлерді іздестіру жұмыстарының қарқынын сынға алды. Қазір алимент төлемеген 169 адам іздеуде жүр. Алайда олардың тек 37-сіне қатысты іздестіру шаралары аяқталған. Қалған 132 іс бойынша әзірге ешқандай мәлімет жоқ.
Прокуратура өкілдері мәселенің бір себебі ретінде сот орындаушыларына түсетін жүктеменің көптігін атады. Дегенмен Атырау қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Камила Кенжетайдың айтуынша, бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек.
«Сот орындаушыларына түсетін жүктеменің жоғары екенін ескеру қажет. Соған қарамастан, істердің көптігі атқарушылық құжаттарды сапалы әрі уақтылы орындау міндетінен босатпайды. Мәселен, жеке сот орындаушысы Шариповтың өндірісінде жалпы сомасы 1 млрд 597 млн теңгені құрайтын 886 атқарушылық құжат бар. Мұндай жүктеме жұмыстың сапасына әсер етуі мүмкін», – деді ол.
Ал сот орындаушылары істердің созылып кетуін борышкерлердің нақты табысы мен мүлкін жасыруымен түсіндіреді. Жеке сот орындаушысы Мейрамбек Ажмұханбетовтің айтуынша, әсіресе бейресми жұмыспен айналысатын борышкерлердің табысын анықтау қиын.
«Қазіргі уақытта борышкерлердің бейресми жұмысын анықтауда қиындықтар бар. Мысалы, құмар ойындарға әуес адамдар кездеседі. Олар ақша аударған кезде қаражаттың қайдан келгенін, тұрақты жалақысы немесе жұмысы бар-жоғын анықтау қиын. Сондықтан әр борышкерді жауапкершілікке тарту үшін алдымен оның табыс көзін анықтау қажет», – деп түсіндірді ол.
Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Меруерт Мұзатованың айтуынша, өңірде алимент бойынша берешегі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Есепті кезеңде осындай бес жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 81 адам жұмысқа орналасқан.
«Біздің басты мақсатымыз – балалардың лайықты өмір сүруі мен материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту, берешекті өндіріп алу жұмыстарын жандандыру және жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды арттыру жоспарланып отыр», – деп атап өтті ол.
Альбина ИЗГАЛИЕВА, Атырау
Фото: bizmedia.kz

