CaspianLife.15 қазан. «Әділет» партиясының депутаттары Бас прокуратура мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен жеке деректердің қорғалуына қатысты ауқымды тексеру жүргізуді талап етті. Бұған жуырда «Яндекс» сервистерінің жұмысында болған ақау және Қазақстандағы бірқатар ұйымнан мәліметтердің таралуы себеп болған.
Қазір азаматтардың жеке телефон нөмірлері, тұрғылықты мекенжайлары, төлем деректері, тіпті балалар туралы ақпарат та ашық қолжетімді болып отыр. Осыған байланысты мұндай мәліметтерді қорғауға міндетті құрылымдар деректердің таралуына қалай жол беріп отыр деген заңды сұрақ туындайды.
Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің бірқатарында ақау болды. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы техникалық ақаулармен түсіндірді. Министрлік пайдаланушылардың деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің шетелде орналасқанын растады.
«Телефон нөмірлерін, мекенжайларды, азаматтардың жүріп-тұру бағыттары мен қаржылық деректерін күн сайын өңдейтін сервис шетелдегі ақауға байланысты жұмысын тоқтатса, бұл ақпарат нақты қай елде және қандай құқықтық режим аясында өңделетінін анық білуіміз керек. Сонымен қатар деректер ел ішінде де таралып жатыр. Жуырда Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің жеке деректерін жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері де ашық қолжетімді болған», – деді Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева.
Депутаттың айтуынша, қаскөйлерге ақпараттық жүйелерді бұзудың да қажеті болмаған. Жеке деректерді қорғауға міндетті ұйымдардың өзі оларды ашық жариялаған.
Осыған байланысты депутаттар аталған фактілерге құқықтық баға беруді, жеке деректерді шетелге берудің заңдылығын тексеруді, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың жұмысын тексеруді сұрады.
«Кәмелетке толмағандардың деректерін қорғауға ерекше назар аудару қажет. Баланың тұрғылықты мекенжайы, оқуы, денсаулық жағдайы немесе отбасының әлеуметтік ахуалы туралы ақпараттың таралуы оның жеке қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Осыған байланысты бірқатар шара ұсынылады. Атап айтқанда, 11 қазандағы оқиғаға байланысты жеке деректерді трансшекаралық берудің заңдылығын тексеру, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен сервистік компаниялардың жеке деректерді жинауының заңдылығын анықтау қажет», – деп атап өтті Ләззат Жылқыбаева.
«Сонымен қатар құпия ақпаратты иесіздендіру талаптарының сақталуын тексеріп, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет. Бұдан бөлек, жеке деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру тетігі нақты жұмыс істеуі тиіс», – деді депутаттар Бас прокурор Берік Асылов пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған талабында.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: securitymedia.org

