CaspianLife. 14 қазан. 2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы беру кезінде азаматтардың табысы мен отбасының нақты мұқтаждығы ескеріледі. Отбасының әл-ауқатын бағалау барысында банк шоттарындағы қаражат, депозиттер, кірістер мен шығыстар есепке алынады. Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл бюджет қаражатын шынымен көмекке мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді.
«Отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне үміт артпауы керек. Ал бюджет қаражаты қиын жағдайға тап болған азаматтарға бағытталуға тиіс», — деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, жаңа тәсіл бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Нәтижесінде 2027 жылы 700 млрд теңге, ал үш жыл ішінде 2,5 трлн теңге үнемделеді», — деді Олжас Бектенов.
Екінші деңгейлі банктер азаматтардың банк шоттары, депозиттері, кірістері мен шығыстары туралы мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне береді. Бұл ақпарат әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімімен ғана ұсынылады.
Отбасының қаржылық жағдайы «Отбасының цифрлық картасы» арқылы бағаланады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың түсіндіруінше, жүйе мемлекеттік органдардың 30 деректер базасымен біріктірілген. Ол отбасының табысын, жұмыспен қамтылуын, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, қарыз жүктемесін және басқа да көрсеткіштерді талдайды. Жалпы, 50-ден астам параметр ескеріледі. Отбасының әл-ауқаты ай сайын қайта қаралып отырады.
Егер отбасының қаржылық жағдайы нашарлап, мұқтаж санатына өтсе, әлеуметтік көмек қайта өтініш бермей-ақ, проактивті форматта тағайындалуы мүмкін.
Осылайша, 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмек тағайындауда отбасының нақты қаржылық жағдайы негізгі өлшемдердің біріне айналады.
Құрылтай отырысында 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасы да қаралды. Үкіметтің депутаттарға ұсынған есебіне сәйкес, 2027 жылы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңгені құрайды. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға, өңірлерді дамытуға, денсаулық сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталады.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, 2027 жылы бюджет кірісі 25,4 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Ал бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы деңгейінде болады деп күтілуде.
Адами капиталды дамытуға 10,5 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде 6,9 трлн теңге әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға, 2,5 трлн теңге денсаулық сақтауға, 897 млрд теңге білім мен ғылымға бағытталады.
Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға, қалалар мен облыстарда қолайлы жағдай жасауға 7,4 трлн теңге бөлінеді. Қауіпсіздік пен мемлекеттік басқаруға 4,9 трлн теңге қарастырылса, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге 3,5 трлн теңге жұмсау жоспарланған.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

