CaspianLife. 14 қазан. Шетелдік ірі мұнай-газ компаниялары Қазақстандағы жаңа кен орындарын геологиялық барлау жұмыстарына 500 млн долларға дейін инвестиция салуы мүмкін. Бұл туралы LS тілшісіне «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» Каспий маңы өңірінде мұнайдың жаңа қорларын іздеу үшін халықаралық геологиялық барлау консорциумын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған Shell, Chevron, сондай-ақ Қытайдың Sinopec және CNOOC компаниялары қатысуға ниет білдірген.
«Біз тек сейсмикалық барлау жүргізуді ғана емес, кейін іздеу ұңғымаларын бұрғылауды да қарастырып отырмыз», – деп түсіндірді Құрманғазы Есқазиев.
Консорциумды биылғы жылдың соңына дейін құру жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша, оған салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 500 млн долларды құрауы мүмкін.
«Қазір министрліктермен 23 жоба бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олардың әрқайсысы жеке инвестицияларды қажет етеді. Ұңғымаларды бұрғылауға жұмсалатын күрделі шығын бұдан да көп болады. Ал консорциум аясындағы инвестиция көлемі шамамен 500 млн долларды құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда, соның ішінде Теңіз бен Қашағандағы терең қабаттарды ескергенде, бұрғылау тереңдігі ең көбі 5,5 шақырымға жетеді. Ал қазір қарастырып отырған тереңдік – 5,5-тен 10 шақырымға дейін. Сонымен қатар 2D-сейсмикалық зерттеу әдісімен 60 мың погон шақырым аумақта жоғары ажыратымдылықтағы сейсмикалық барлау жүргіземіз», – деді «ҚазМұнайГаз» басшысының бірінші орынбасары.
Жаңа мұнай қорларын іздеу қажеттілігі қолданыстағы кен орындарының жағдайына байланысты. Бұған дейін хабарланғандай, «ҚазМұнайГаз» компаниясының және жалпы Қазақстанның мұнай қорларының негізгі бөлігін игеру деңгейі жоғары кен орындары құрайды. Олардағы қорлардың шамамен 70 пайызы өндіріліп қойған.
Дереккөз: LS.kz

