CaspianLife. 12 қазан. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған «Рахымжан Отарбаев мұрасы: ұлттық әдебиет, тарихи сана және рухани сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында Қазақстанның бірнеше өңірінен және шетелден келген ғалымдар қаламгердің шығармашылық ерекшеліктерін, өзіндік жазу мәнері мен көркемдік тілін талқылады.
Сарапшы Серікбол Хасан Рахымжан Отарбаевтың театр өнеріндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, драматург тарихи тұлғалардың бейнесін сахнада жаңғырту арқылы ұлттық рухты көтеруге үлес қосқан. Жазушының прозалық шығармалары да оқырмандар арасында сұранысқа ие.
«Театр тарихында оның тарихи тұлғалардың бейнесін жаңғыртып, сол арқылы ұлттық рухты көтерген еңбегінің орны ерекше. Жазушының прозалық шығармалары да бүгінге дейін оқырман қызығушылығын жоғалтқан жоқ. Кітаптары қайта басылып жатыр. “Шыңғыс ханның көз жасы” мен “Бас” романдары оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие және кітапханалар мен кітап дүкендерінің сөрелерінде ұзақ жатып қалмайды», – деді Серікбол Хасан.
Драматургтің мұрасын насихаттап, шығармашылығын қолдауға өзі атындағы «Руханият» жеке қоры үлес қосып келеді. Қор бұған дейін әдебиет сыншылары мен студенттер арасында байқаулар ұйымдастырған. Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында жазушының атындағы гранттар мен стипендиялар тағайындап келеді.
Қор төрайымы Сәуле Отарбаева шетелдік оқырмандарға қаламгердің шығармашылығын танытуға бағытталған екі ірі жоба туралы айтып берді. Оның біріншісі аяқталуға жақын. Индиана университетінің профессоры Шеллимен бірлесіп, «Бас» романы ағылшын тіліне аударылған. Кітап келесі жылы АҚШ-та жарық көреді деп жоспарланып отыр. Ал екінші жоба бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
«Екі ірі жобаға арнайы тоқталғым келеді. Біріншісі – Индиана университетінің профессоры Шеллимен бірлесіп, “Бас” романын ағылшын тіліне аударуды аяқтадық. Кітап келесі жылы АҚШ-та жарық көреді деп жоспарланып отыр.
Екінші жобаға да үлкен үміт артып отырмыз. Қазір Испаниядағы Валенсия университетінің Шыңғыс Айтматов шығармашылығы мен Орталық Азия әдебиетін зерттейтін ғалымымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол: “Мен үшін қазақ әдебиеті мен Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы – жаңалық”, – дейді. Жақын арада шығарманы испан тіліне аударуға кірісеміз», – деді Сәуле Отарбаева.
Конференцияда «Бас» романының қырғыз тіліндегі аудармасы да таныстырылды. Кітапты әдебиетші әрі аудармашы Болатбек Таштаналиев аударған.
Іс-шара соңында «Рахымжан Отарбаев: рух пен сөз шебері» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Бибігүл ТАНАТАР, Атырау


