CaspianLife, 2 қыркүйек. Қазақстанда сот процестеріне қатысушылар мен сотқа келушілерді өткізу тәртібіне және объектішілік режимге қатысты жаңа талаптар бекітілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының 2026 жылғы 30 шілдедегі №5 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 10 тамыздағы №568 бірлескен бұйрығымен бекітілген қағидаларда көрсетілген.
Құжат Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2026 жылғы 13 тамызда №39589 болып тіркелген.
Жаңа талаптардың негізгі мақсаты — сот ғимараттарына сот процесіне қатысушылардың, сотқа келушілердің және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кіру тәртібін реттеу, сондай-ақ сот объектілеріндегі қауіпсіздік пен белгіленген ішкі тәртіпті қамтамасыз ету.
Қағидалар сот ғимаратына кіретін азаматтарға қойылатын талаптарды, өткізу тәртібін және объектішілік режимді сақтау мәселелерін қамтиды.
Жаңа тәртіппен танысқысы келетін азаматтар қағидалардың толық мәтінін Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің ресми ақпараттық-құқықтық жүйесі — «Әділет» арқылы қарай алады.

