Caspianlife, 27 тамыз. Ақтөбеде өз анасын өлтірді деп айыпталған 17 жастағы жасөспірімге қатысты сот процесі басталды. Қайғылы оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Кәмелетке толмаған күдікті сот отырысына қатыспады — қазіргі уақытта ол психиатриялық орталықта ем алып жатыр. Сараптама қорытындысына сәйкес, жасөспірімге «шизофрения» диагнозы қойылған.
Тергеу мәліметінше, оқу үлгерімі төмендегеннен кейін ата-анасы жасөспірімді жекеменшік мектепке ауыстырған. Кейін ол анасы екеуі мемлекеттік емтихан тапсыратын пәнді таңдау мәселесіне байланысты келіспей қалған. Оқиға болған күні анасы мен баласының арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірім әйелге пышақ жарақатын салған. Іс бойынша 71 жастағы әжесі де жәбірленуші деп танылған. Оқиғадан кейін зейнеткер алған жарақатына байланысты ауруханада емделген.
Ақтөбе облысы прокуратурасының аға прокуроры Елдар Абиев сотта:
«Созылмалы психикалық ауытқу — шизофрения жағдайында болған және өз әрекетінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсінбеген, сондай-ақ оны басқара алмаған сотталушы Турмышева айтқан сөздерге ашуланып, қасақана басқа адамның өмірін қию ниетімен сол қолына қара сабы бар пышақты алып, анасының соңынан басқа бөлмеге барған. Есі дұрыс емес жағдайда оның денесінің әртүрлі жерлеріне пышақ жарақатын салған. Соның салдарынан Турмышева алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды», — деді.
Осы жылдың мамыр айында мектеп бітіруі тиіс болған кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша қаралып жатыр.
Келесі сот отырысы 3 қыркүйекке белгіленді.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

