CaspianLife. 23 шілде. Саясаттанушы Марат Шибутов Атырау облысында мұнай сақтайтын қойма салу мәселесіне қатысты өзіне жолданған Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ресми жауаптарын жариялады.
Министрліктің мәліметінше, Президенттің тапсырмасы аясында ірі мұнай қоймасын салу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда жүргізілген талдау нәтижесінде мұндай жобаны жүзеге асыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген қорытынды жасалған. Ведомствоның пікірінше, қойманы пайдалану жиілігі төмен болады, ал оны салу мен күтіп ұстауға кететін шығындар айтарлықтай жоғары.
Осыған ұқсас ұстанымды «ҚазМұнайГаз» та білдірді. Компания халықаралық тәжірибені зерттей келе, стратегиялық мұнай қорын негізінен мұнай импорттайтын мемлекеттер қалыптастыратынын атап өткен. Сондай-ақ Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобалары мен Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қолданыстағы сақтау қуаттары қазіргі өндіріс көлемінде шамамен 6–7 тәулікке жеткілікті екені айтылған.
Сонымен қатар, жерүсті қоймаларын салу миллиардтаған доллар инвестицияны талап ететіні, ал жерасты қоймаларын салуға Қазақстанда қолайлы геологиялық құрылымдардың жоқ екені көрсетілген.
Осылайша, Энергетика министрлігі де, «ҚазМұнайГаз» та қазіргі жағдайда Атырау облысында стратегиялық мұнай қоймасын салуды экономикалық тұрғыдан орынсыз деп есептейді.

