CaspianLife. 22 шілде. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Eni S.p.A. энергетикалық компаниясы Жаңаөзен қаласындағы қуаты 120 МВт газ электр станциясынан алғашқы өнеркәсіптік электр энергиясын алды. Бұл – Қазақстанда жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын салу жөніндегі бірлескен ауқымды жобаны іске асырудың кезекті маңызды кезеңі.
Жоба ҚМГ-ның төменкөміртекті даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр және ол күн (50 МВт), газ (120 МВт) әрі жел (77 МВт) генерациясын бірыңғай энергетикалық кешенге біріктіруді көздейді. Еске салсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде ҚМГ мен Eni бірлесіп күн электр станциясын іске қосқан болатын. Ол осы уақытқа дейін шамамен 62 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, өңірдегі күн генерациясының тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі уақытта газ электр станциясында Wartsila компаниясының алты газ-поршеньді агрегаты монтаждалып, қуаты 110 кВ қосалқы станция салынды, сондай-ақ іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда.
Нысан құрылысына 1000-нан астам адам жұмылдырылған, ал станцияны пайдалануға беру ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанына жоспарланған. Сонымен бірге жобаның жел электр станциясы бөлігі бойынша да құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жалпы, бұл жаңа кешен ҚМГ-ның өңірдегі еншілес компанияларын үздіксіз әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Гибридті электр станциясы толық пайдалануға берілгеннен кейін өңірде 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады.



