CaspianLife. 13 шілде. Батыс Қазақстан облысында дүкендер мен сауда нүктелерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын сақтауы бойынша тексеріс жүргізілді. Нәтиже көңіл көншітпейді: мамандар сатушылардың сауда үстемесін негізсіз өсірген 92 жағдайын анықтады. Бұдан бөлек, тауарларда баға көрсеткіштерінің (ценник) болмауы және заттың белгіленген бағасы мен кассада соғылған нақты бағасы арасындағы айырмашылықтар фактілері бойынша тоғыз әкімшілік іс қозғалды.
Эльмира ҚИМАТОВА, БҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы
«Анықталған ең ірі фактілер сауда желілеріне көкөніс жеткізу кезінде өте үлкен сауда үстемесінің қосылуымен байланысты. Бұл іске қатысты екі ірі көтерме саудагер жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ сүт өнімдері, ет және басқа да азық-түлік түрлерін жеткізу фактілері бойынша да көтерме саудамен айналысатын кәсіпкер тартылды. Бүгінгі таңда департамент өндірісінде осындай 20-ға жуық факті қаралып жатыр. Сауда желілерінің жергілікті құс фабрикаларының жұмыртқасын қымбаттатып сатуы бойынша анықталған бес фактіге қатысты қазіргі уақытта тексеріс жүргізілуде».
Өңірдегі азық-түлік тауарлары бағасының ахуалы тұрғындар арасында да үлкен сұрақ туғызып отыр. Жергілікті тұрғындар күнделікті тұтынатын негізгі өнімдер құнының көз алдында өсіп жатқанына наразы. Бұл әсіресе зейнеткерлер мен халықтың басқа да әлеуметтік жағынан осал топтарына ауыр тиюде.
Блиц-сауалнама:
— Мен зейнеткермін. Ең төменгі зейнетақы аламын. Бар тапқаным коммуналдық төлемдер мен тамақтан артылмайды. Етті сирек сатып аламыз, көбіне құс етін қорек етеміз. Сирақ (окорочка) — зейнеткерлер үшін ең арзаны. Қазір тура қысқы дайындық жасайтын уақыт, бірақ бәрі қымбат, қант та қымбат.
— Баға күн сайын өсіп жатыр. Мен «Строитель» шағын ауданында тұрамын, дүкенге келген сайын жаңа баға көремін. Ең төменгі зейнетақы аламын, ол маған жетпейді, оның үстіне пәтер жалдап тұрамын. Коммуналдық қызметтерді, дәрі-дәрмекті есептегенде зейнетақым түкке де жетпейді. 100 мың теңгеге бір айда не аласың? Ештеңе де ала алмайсың, дұрыс па? Ет пен балықтың жүзін көрмейтін болдық. Зейнеткер ретінде, барлық қарттардың атынан ашығын айтып тұрмын.
Облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда нысандарына мониторинг жүргізу жалғаса беретінін, сондай-ақ заң бұзушылықтарды анықтау үшін электронды шот-фактураларға мұқият талдау жасалып жатқанын хабарлады. Айта кетейік, заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі айтарлықтай артады, бұл сатушыларды белгіленген ережелерді қатаң сақтауға ынталандыруы тиіс.
Альбина Каленова

