CaspianLife, 3 маусым. Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжілістің мәліметінше, заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру және азаматтардың борыштық жүктемесін азайту.
Рақымшылық жасау бастамасы Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңімен байланысты. Ата заңда әділеттілік, гуманизм, заң үстемдігі және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары бекітілген. Сонымен қатар құжатта рақымшылық жауапкершілікті толықтай алып тастамайтыны, тек заңда белгіленген жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі екені атап көрсетілген.
Бұл жолғы бастаманың ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да енгізілуі.
Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық рақымшылық шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық сотталған азамат колониялар мен басқа да бас бостандығынан айыру орындарынан босатылады деп жоспарланып отыр.
Ал әкімшілік рақымшылық аясында Ішкі істер министрлігі желісі бойынша шамамен 1 миллион айыппұлды қамту көзделген.
Заң жобасы енді Мәжілісте әрі қарай қаралып, кейін Парламенттің келесі рәсімдерінен өтеді.

