Даудың басы «Динадан» басталды. Карантиннің кәріне ұшырадық деген саудагерлер кәсібіне сауға сұрап, шыр-пыр болды. Базардың ашылатынын бір күн бұрын естіп қуанған олардың көңілдері ертесіне сап тыйылыпты.
Бес ай бойы бизнесі жүрмей, үйде отырып қалған саудагерлер несиелерін төлей алмай қалғанын айтып, сауда орнының ашылуын талап етті.
Нұргүл МЫРЗАҒАЛИЕВА, саудагер:
– Кеше «ашамыз» деді. Несиеміз басымыздан асады. Осыған дейін мәз боп келдік. Енді бүгін «жабық» дейді. Кредитімізді бірнеше есеге өсіріп жіберді. Алды сотқа беріп жатыр. Оны қалай төлейтінімізді, үйдегі ауру баламызды қалай асырайтынымызды білмейміз.
Базар бірнеше айдан бері жабық болғанымен, карантин кезінде ашық далада орналасқан орындардың саудасы қызбаса, тоқтаған емес. Жабық павильонның иелері соған да ренжулі көрінеді.
Кәмшат ӘДІЛОВА, саудагер:
– Павильондардың бәрі жабық. Базардың жартысы жұмыс істеп тұр. Жұмыссыз қалғандарымыз үкімет берген 42 мың мен 21 мыңды жеп үйде жатырмыз. Енді үкімет оны да бермейді ғой бізге. Біздің пенсиямыз жоқ. Халықтың көбі аш. Бас санитарды шақырдық, келген жоқ. Әкімдік неге келмейді?
Кәсіпкерлердің наразылығын естіген облыс әкімінің бірінші орынбасары оқиға орнына түстен кейін барды. Бас санитарлық дәрігермен бірге базарды ашуға не себепті рұқсат берілмей тұрғанын түсіндіруге тырысты. Себеп көп: мұндағы термометрлер қолданыстан шығуға шақ. 100 метр сайын тұруы тиіс антисептик тағы жоқ. Желдеткіштер де әр жерден бір көрінді.
Жағдаймен жіті танысқан әкімдік өкілдері саудагерлердің назына құлақ түрді. Олар базар басшылығының екі ай бойы атқармаған жұмысы үшін тағы он күн сұрады. Ұзақ тартыстан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары ертеңнен бастап 10 күнге рұқсат беретінін айтты. Ендігі кезекте берілген он күн оңды пайдаланылмаса, «Дина» базары қайта жабылады.