Caspianlife, 25 мамыр. Атырау қаласының №2 соты жануарға қатыгездікпен қарау дерегі бойынша қылмыстық істі қарап, сотталушыны қоғамдық жұмыстарға тарту туралы үкім шығарды.
Соттың мәліметінше, Л.Т. есімді азамат орта дәрежедегі масаң күйде өзінің ауласында «Герда» атты итті күрекпен бірнеше рет ұрып, жануарға дене жарақатын келтірген.
Іс материалдарына сәйкес, келтірілген соққылар салдарынан иттің денесінде гематомалар, жұмсақ тіндердің ісінуі және әртүрлі анатомиялық аймақтарында ауырсыну белгілері анықталған. Мамандар жануардың жағдайын орташа ауыр деңгейде деп бағалаған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Атырау қаласының №2 сотының хабарлауынша, бұл іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған. Аталған бапта айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Сот сотталушының материалдық жағдайын және оның кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескере отырып, Л.Т.-ны кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлады Атырау қаласының №2 соты.

