CaspianLife, 28 сәуір. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында кәсіпкер мен мемлекеттік органдар арасындағы мүлікті тәркілеуге қатысты даулы мәселе қаралды. Өтініш берушінің айтуынша, мүлікті алып қою ешқандай заңды негізсіз жүзеге асырылған.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның хабарлауынша, жеке кәсіпкер Азамат Тілепқалиев осы жылдың 3 сәуірінде қалалық әкімдік пен полиция өкілдері оған тиесілі балалар аттракционын — мобильді карусельді алып кеткенін айтады. Бұл ретте, оның сөзінше, ешқандай процессуалдық құжат толтырылмаған.
«Карусельді жеке қаражатыма сатып алдым. Бүгінгі таңда әкімдік өкілдері мүлкімді әкімшілік хаттамасыз тәркілеп алды. e-Өтініш арқылы барлық жерге жаздым, бірақ нәтиже жоқ — мені бір органнан екіншісіне сілтеп жібереді. Егер мен бірдеңе бүлдірсем — айыппұл салсын және мүлкімді қайтарсын. Қазір оны жай ғана ұстап отыр. Карусель мобильді, ешкімге кедергі келтірмейді. Қандай құжаттар керек екенін айтсын — мен бәрін ұсынамын. 20 күннен астам уақыт өтті, мені әлі сандалтып жүр», — деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмаған, әкімшілік іс қозғалмаған және сот шешімі де болмаған.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторының меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев мүлікті алып қою заңды негізсіз, еркін түрдегі актімен рәсімделгенін атап өтті. Құжатты қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы жасап, полиция қызметкерлері қол қойған.
«Мәселені сотқа дейінгі тәртіппен реттеу үшін Кеңеске шығардық. Әйтпесе сот органдарына жүгінеміз. Лауазымды тұлғалардың іс-әрекетінің заңдылығын қадағалаушы органдар тексеруі тиіс», — деп атап өтті Сәрсенбай Жолдыбаев.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Замзагүл Шалабаева қалада қоғамдық орындардағы бизнестің заңдылығын тексеретін арнайы жұмыс тобы жұмыс істейтінін түсіндірді.
«Қала әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы бар, ол кәсіпкерлердің саябақтарда, жағалауда және алаңдарда қызмет етуінің заңдылығын тексереді. Бизнес субъектілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мұндай тексерістер тұрақты түрде өтеді. Бұл дерек бойынша ештеңе айта алмаймын, себебі ол жерде болған жоқпын. Егер оның барлық құжаттары дұрыс болса, мүлкін еш қиындықсыз алып кетуіне болады», — деді ол.
Қалалық прокуратура кәсіпкердің өтініші қарауға қабылданғанын растады.
«Өтініш бар, қазір ол қаралу үстінде. Тексеру жүргізіледі, жағдайды жан-жақты зерттеп, белгіленген мерзімде жауап береміз», — деді Атырау қаласы прокуратурасының өкілі.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша материалдарды алдын ала талдау лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану және қиянат жасау, сондай-ақ өз бетінше билік ету белгілері болуы мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл фактілерді қадағалау органы тексереді және заң бұзушылықтар расталған жағдайда Палата кәсіпкердің құқықтарын сотта қорғауға қолдау көрсетеді.

