CaspianLife, 9 сәуір. Ақтау технологиялық сервис колледжі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлағандай, жақында колледжге Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Абай Өмірбаев, сондай-ақ Бейжіңдегі «Жаңа Жібек жолы – Кәсіби көпір» білім беру консалтингтік компаниясының өкілі Цзюньфэн Чжань (Junfeng Zhan) мырза бастап келген делегация жұмыс сапарымен келді.
Кездесудің негізгі мақсаты — Ақтау технологиялық сервис колледжінің базасында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіптік білім беру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ халықаралық қауымдастыққа кіру мәселелерін талқылау.
«Бүгінгі таңда колледж IT, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) салаларында кадрлар даярлауды дамытуды негізгі стратегиялық міндеттердің бірі ретінде қарастыруда. Кездесу барысында IT, жасанды интеллект, телекоммуникация, тігін өндірісі және ұшқышсыз ұшу аппараттары бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды», — делінген хабарламада.
Колледж өңірдегі өндірістік кәсіпорындармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап отыр және тігін өндірісі мен байланыс саласындағы ресурстық орталық болып табылады. Қазіргі уақытта автоматтандырылған тігін жабдықтарына қызмет көрсететін білікті мамандарға сұраныс жоғары екені атап өтілді. Сапар қорытындысы бойынша тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам жасап, халықаралық қоғамдастыққа қосылу туралы меморандумға қол қойды.

