CaspianLife, 6 сәуір. Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында өңір тұрғындары мен қонақтарына ескерту жасалды.
Инспекцияның бас маманы Мереке Шалқаровтың айтуынша, Атырау облысының даласында өсетін қызғалдақтар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оның сөзінше, Шренк қызғалдағы (Tulipa schrenkii) жойылып бара жатқан түрге жатады және оны жұлған үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қылмыстық кодексте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз алу, иемдену, сақтау немесе жою, сондай-ақ олардың мекен ету ортасын бұзу үшін 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделгені көрсетілген.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 1 АЕК 4 325 теңге болғандықтан, қызғалдақты жойғаны үшін айыппұл мөлшері 12 млн 975 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін», — деп ескертті Мереке Шалқаров.
Сонымен қатар, бұл құқықбұзушылық үшін Қылмыстық кодексте басқа да жаза түрлері қарастырылған:
— 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе түзеу жұмыстары,
— 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
— 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айырумен.

