Caspianlife, 18 наурыз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша ел аумағындағы барлық аумақтық бөлімшелерді қамтитын тексерістер жүргізуді бастады.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексерістерге Атырау облысында азаматтарды сырттай-проактивті куәландыруға жолдау кезінде құқық бұзушылық белгілері бар фактілердің анықталуы негіз болған.
«Қолда бар материалдарға сәйкес, кейбір медициналық ұйым қызметкерлері мен дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағасының әрекеттерінде медициналық құжаттарға жалған мәлімет енгізу белгілері байқалады», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Аталған фактілер бойынша материалдар құқықтық баға беру және заңнамада белгіленген тәртіппен процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Қаралған материалдардың нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады.

