CaspianLife, 18 ақпан. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) уақытша міндетін атқарушы орынбасары Бисен Юсубалиев брифинг барысында бұл туралы хабарлады.
Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифинг барысында аймақтағы көлік және мүлік салығын төлеу тәртібі, енгізілген жаңа өзгерістер және қарыздың ағымдағы көлемі туралы ақпарат берілді. Өз баяндамасында Бисен Юсубалиев жеке тұлғалар жыл сайын 1 сәуірге дейін көлік салығын, 1 қазанға дейін мүлік салығын төлеуге міндетті екенін еске салды. Өткен жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі – 2026 жылдың 1 қазанына дейін.
– Салықтарды уақытылы төлеу – әрбір азаматтың міндеті. Қазіргі уақытта көлік салығы бойынша 4 246 жеке тұлғада 321 млн теңге қарыз бар. Оның ішінде 226 млн теңге – негізгі қарыз, 95 млн теңге – кейінге қалдырылған айыппұлдар. Мүлік салығы бойынша 10 415 адамда 50 млн теңге қарыз тіркелген, – деді Бисен Юсубалиев.
Ол салық уақытында төленбесе, ескерту жіберілетінін, төленбеген жағдайда салықтық бұйрық шығарылады, кейін іс жеке сот орындаушыларына беріледі, содан соң мәжбүрлі өндіріп алу шаралары қолданылатынын нақтылады.
Сонымен қатар, Бисен Юсубалиев биылдан бастап күшіне енген өзгерістерді атап өтті.
– Енді көлік қаншалықты ескі болса, соғұрлым салық аз болады. Егер жеңіл көлік 10 жылдан астам пайдаланылса, салық 30 пайызға төмендетіледі. 20 жылдан артық көліктерде салық екі есе азайтылады. Сонымен қатар, егін шаруашылықтары бір пикапқа салықтан босатылады, – деді ол.
Сонымен бірге, қымбат мүлікке ие азаматтарға жаңа тәртіп енгізілген. Егер бір адамның барлық үйлері, ғимараттары және басқа мүлкі жалпы құны 450 млн теңгеден асса, осы шектен тыс сомасына қосымша 2% салық салынады. Яғни, мүлік қымбат болған сайын, салық сомасы да жоғары болады.

