CaspianLife, 13 ақпан. Атырауда блогерді ұрған екі келіншек 1 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Атырау қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыпталған екі әйелге қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.
Алайда олардың кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды. Сондай-ақ, кінәлілерден 1 млн теңге моральдық және 2,9 млн теңге материалдық залал өндірілді.
Айыпталушылар не дейді?
Айыпталушы Ақбота Сұлтанғазы өзіне тағылған айыппен толық келіспейтінін айтты.
«Маған қатаң жаза берілді деп ойлаймын. Жала жабылды. “Молаға апарды, арқамнан тепті” деді. Мұндай іс-әрекет жасамадым. Тек қана шашынан тарттым. Себебі жәбірленуші мені қайта-қайта балағаттады. Қасақана қандай да бір әрекет істеймін деген артық ойым болмады. Құралай Болатованы танымаймын, 1-2 мәрте жиындардан ғана көргенім бар», — деді ол.
Ал екінші айыпталушының анасы Рима Шабаева да іске қатысты айтылған кейбір айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.
«Қыздарға артық жала жабылды. Бұл іске Рүстем блогер араласып, асыра сілтегені бар. “Тонады, үйге апарып, қамады. Таңертеңге дейін қаңсыратып ұстады” деген айыптау шындыққа жанаспайды», — деді ол.
Жәбірленушінің ұстанымы
Жәбірленуші Құралай Болатова сот барысында бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және моральдық, материалдық залалды өндіруді талап еткен.
«Сот үкімімен толықтай келісемін. Екі қызға да бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өзім де соны сұрадым. Сот әділ және заңды өтті деп санаймын», — деді ол.
Судья істі қарау барысында жәбірленушінің мәлімдемесіндегі кейбір деректер расталмағанын атап өтті.
Оқиға қалай болған?
Еске салсақ, 2025 жылдың 3 қазанында Құралай Болатова мен Ақбота Ақмурзиева арасында туристік қызмет көрсетілмеуіне байланысты жанжал туындаған. Кейін Ақбота Ақмурзиева мен оның танысы Ақбота Сұлтанғазы жәбірленушіге физикалық күш қолданған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің жарақаты денсаулыққа жеңіл зиян ретінде сараланған.
Айыпталушылар сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсіруге ниетті.
(Дереккөз: Caspian News телеарнасы)

