CaspianLife, 28 қараша. Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және оның еншілес ұйымдарындағы стратегиялық басқару жүйесіне баға берді.
Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша, тексеріс шаралары Қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметін, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да бірқатар компаниялардың жұмысын қамтыды. Барлығы 18 заңды тұлғаның қызметі аудиттен өтті. Аудит барысында ҚР Парламенті депутаттары мен қоғам тарапынан түскен сауалдар да ескерілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қор компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңгені, ал холдингтің шоғырландырылған таза табысы 2,4 трлн теңгені құрады.
Аудит кезеңінде мемлекетке холдинг тарапынан 2,37 трлн теңге төленген. Оның 779,9 млрд теңгесі дивиденд түрінде, 1,6 трлн теңгесі активтерді бәсекелі ортаға беру арқылы аударылған. Бұдан бөлек, Қор Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындау мақсатында қосымша 673 млрд теңге бағыттаған.
Сонымен бірге аудиторлар Қор компаниялар тобындағы стратегиялық жоспарлау мен басқаруда бірқатар кемшіліктерді анықтады.
Қордың 2018–2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы аясында сегіз компанияны шетелдік баламалар деңгейіне шығару мақсаты орындалмаған. Бағдарламадан түскен нақты пайда 154,5 млрд теңгені құрап, жоспарланған көрсеткіштен екі есе төмен болған.
Қордағы корпоративтік басқару деңгейі жеткіліксіз деп бағаланған. Атап айтқанда, стратегиялық құжаттарды сапасыз әзірлеу, жоспарлы көрсеткіштердің төмен белгіленуі және Даму жоспарының орындалуын бақылауды күшейту қажеттігі айтылған.
Жеті ақпараттық жүйенің төртеуі ғана қолданылады. Басқарушылық есеп жүйесі (SAP BPC) бұзушылықтармен жұмыс істейді, ал кейбір компанияларда қаржылық есеп қолмен жүргізіледі.
«Самұрық-Қазынада» ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеу жеткіліксіз: олардың шамамен 15%-ы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күші жойылған құжат ретінде рәсімдеуді қажет етеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің бес комитетінің үшеуі (стратегия, трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау, мамандандырылған комитет) жұмыс істемейді. Қор басқармасы жанындағы жеті комитеттің екеуі (модернизация және тұрақты даму жөніндегі) 2024 жылдан бері жұмыссыз тұр.
Нәтижесінде холдингтің құрылымы күрделеніп кеткен: Қор тобына алты басқару деңгейіне бөлінген 326 компания кіреді. 2020–2024 жылдары Қор тобына қарасты 23 компания мүлде әрекетсіз болған, ал 2024 жылы 41 компания шығын көрсеткен. Бұл активтер құрылымын оңтайландыру және тиімді басқару қажеттігін көрсетеді.
Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуын мониторингілеуді түбегейлі күшейту қажет, себебі 2020 жылдан 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде Қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша:
— 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталған;
— 122,2 млрд теңге көлемінде тиімсіз жоспарлау және қаржы пайдалану жағдайлары тіркелген;
— 119 жүйелік кемшілік анықталған.
«Бірқатар материалдар әкімшілік іс қозғау үшін, ал кейбір нақты бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды», — делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.

