Қазақстанның мұнай-газ саласында «Теңізшевройлдың» орны айрықша екендігін ешкім дау келтіре алмас. Әлемдік деңгейдегі алып жобаларды абыроймен жүзеге асырып жүрген бұл компанияның атауын экономикалық тұрғыдан ғана емес, еңбек адамының тағдырымен тығыз байланыстырамыз. Өйткені Теңізден алынып жатқан әрбір баррель мұнайдың артында мыңдаған жұмысшының маңдай тері мен қажыр-қайраты жатыр.
Теңізшевройлдың басты жетістігінің бірі – қазақстандық /жергілікті/ кадрларға басымдық беруі. Егер 1990-жылдардың басында отандық мамандардың компаниядағы үлесі 50 пайыз шамасында болса, бүгінде компания қызметкерлерінің 95,6 пайызы қазақстандық. Бұл – құр статистика емес, елдің кәсіби әлеуетінің жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі. Басқарушы құрамдағы қазақстандықтар үлесінің 88 пайызға жуықтауы — компаниядағы маңызды деген стратегиялық шешімдердің отандық мамандардың араласуымен қабылданып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, кадрларды оқыту және шыңдау бағытындағы тұрақты бағдарламалар нәтижесінде анағұрлым жауапты лауазымдарға жергілікті қызметкерлер көбірек тартылуда. Бұл сайып келгенде болашаққа жасалған инвестиция. Жаңашылдықты үйренген әрбір маман – тек өндіріс үшін емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы үшін де маңызды.
«Теңізшевройл» ЖШС 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең тартымды жұмыс беруші деп танылды. Компания бұл марапатты төртінші рет алып отыр. Рейтингті ANCOR компаниясының тапсырысы бойынша The Talentist. Employer brand perception тәуелсіз компаниясы жұмыс берушінің брендін қабылдау серпінін кеңінен зерттеу аясында шығарған. Бұған қатысты компанияның Адам ресурстарын басқару бөлімінің бас менеджері Кәмшат Байжанова: «Бұл марапат – әрбір қызметкердің өсуіне, жетілуіне, әлеуетін дамытуға бағытталған үздіксіз жұмысымыздың нәтижесі. Қызметкерлер — компаниямыздың ең құнды ресурсы екеніне нық сенеміз, олардың маман және тұлға ретінде өсуіне инвестиция салуды жалғастырамыз», — деді. Демек, «Теңізшевройл» үшін еңбек адамы – өндірістің тетігі ғана емес, компанияның ең басты құндылығы. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай қып түйіндесек, «Теңізшевройл» – мұнай-газ секторындағы алып құрылым ғана емес, отандық жұмысшының әлеуетін ашатын, оның кәсіби әрі әлеуметтік өмірін жаңа деңгейге көтеретін алып орталық сынды. Мұнда еңбек адамы – тек өндіріс құралын басқаратын маман емес, компанияның стратегиялық дамуының тірегі. Осыны ескере отырып, «Жұмысшы маман – мұнай-газ саласының тірегі» деген түсінікті «Теңізшевройл» тәжірибесімен нық ұштастыруға болады.
ЖАНАР НИЗАМУТДИНОВА