Тәуелсіз Қазақстанның тарихын мұнай-газ саласынсыз елестету мүмкін емес. «Қара алтын» – ел экономикасының тірегі ғана емес, халықтың әл-ауқатын айқындайтын қуатты күш те. Бұл сала еліміздің қарқынды дамуына серпін беріп, халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етті. Мұнай – тек энергетикалық ресурс емес, ол мыңдаған қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа мектептер мен ауруханалардың бой көтеруіне, жолдар мен тұрғын үйлердің салынуына ықпал етіп отыр. Әсіресе мұнай өндіретін өңірлер үшін бұл сала – тұрмыс сапасын жақсартатын, болашаққа деген сенімді арттыратын тіршілік өзегі. Осылайша, мұнай-газ өнеркәсібі мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын стратегиялық сала ретінде Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр дегенді сеніммен айтуға болады. Енді осы саланығ еліміздің әртүрлі саласының дамуына қалайша ықпал етіп отырғанын жеке-жеке саралап көрсек.
Қазіргі Қазақстан экономикасында мұнай-газ секторының үлесі жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 17,2%-ын мұнай-газ саласы қамтамасыз еткен. Ал мемлекеттік бюджет кірісінің 40 %-ға жуығын осы саладағы компаниялардан түскен түсім берді. Ұлттық қорды толтырудың негізгі көзі де мұнай сатудан түскен табыс. Күні кеше Қаржы министрлігі таратқан ресми мәліметке қарасақ, 9 айдың ішінде Ұлттық қорға 1 трлн 375 млрд 751 млн 991,8 мың теңге таза табыс түскен. Ал жыл басында онда 34 трлн 730 млрд 106 млн 884 мың теңге болды. Бұл сома 1 қыркүйекте 36 трлн 105 млрд 858 млн 875,8 мың теңгеге жетті. Жалпы алғанда, 9 айда Ұлттық қорға барлығы 5 трлн 238 млрд 786 млн 755,5 мың теңге кіріс түскен. Оның 2 трлн 480 млрд 802 млн 213 мың теңгесі – қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс. Аталған 5,2 трлн теңгенің 3 трлн 864 млрд теңгеге жуығы жұмсалған. Жіктеп айтқанда, кепілдік берілген трансферттерге 2 трлн, мақсатты трансферттерге 1 трлн 830 млрд теңге бағытталған. Яғни, елде салынған әрбір үшінші мектеп, аурухана немесе жол мұнайдан түскен табыстың есебінен салынып отыр деуге болады. Мұнай бағасының құбылмалылығы мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына тікелей әсер ететіні бар. Мәселен, 2020 жылы пандемия кезінде Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 20 АҚШ долларынан төмен түсіп кеткенде, Қазақстан бюджеті 1,5 триллион теңге тапшылыққа тап болды. Бұл – әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражаттың қысқаруына, оның артындағы мыңдаған адамның өмір сапасына кері әсер еткені жасырыны емес.
Мұнай-газ секторы – халықты жұмыспен қамтуда ерекше орын алатын сала. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, мұнай-газ саласында тікелей және жанама түрде 1 миллионнан астам адам еңбек етіп жүр. Бұл – елдегі жалпы жұмыс күшінің шамамен 11%-ы. Жалақысының жоғарылығы жағынан да мұнайшылар алдыңғы қатарда. 2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа жалақы үш айда 11,4% өсіп, 434 982 теңге болды. Ресми статистика қара алтын өндірушілер 1,7 миллион теңгеге дейін жалақы алады дегенді айтады. Ал ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш бар болғаны 180 мың теңге шамасында. Осының өзі-ақ, мұнай-газ саласының елдің тұрмыс-тірлішігінің жақсаруына қаншалықты үлес қосып отырғаны көрсетіп тұр емес пе?
Мұнай-газ саласы халыққа тұрақты жұмыс пен жоғары жалақы ғана беріп отырған жоқ, сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымның жандануына да ықпал етіп келеді. Мысалы ТШО 1993 жылдан бері өз қызметкерлері мен Атырау облысы тұрғындарының игілігі үшін әртүрлі әлеуметтік жобаларға 3,5 млрд АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады. Теңізшевройл құрылған күнінен бастап «Игілік» жобасымен қоса өзінің әлеуметтік инфрақұрылым жобалары шеңберінде Атырау облысында мкетептер, ауруханалар, демалыс орындары, балабақшалар және басқа да қоғамдық нысандарды салу және жақсарту үшін 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаға инвестиция салды. ТШО 2010 жылдан 2024 жылға дейін Атырау және Маңғыстау облыстарында денсаулық сақтау, білім бберу, экономика және азаматтық қоғамды дамыту саласаларындағы қауымдастықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберіндегі 160-қа жуық жобаға қолдау көрысетті. Ал 2025 жылы өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында денсаудлық сақтау, білім беру ысапасын жақсарту және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған 20 әлеуметтік жобаға қолдау көрсетті.
Ал Келешек кеңею -Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) құрылысының шарықтау шегінде 90 000 қызметкер жұмысқа тартылды, олардың басым бөлігі жұмысшы мамандық өкілі болды. «Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысы әкімдігімен өзара келісім негізінде еңбек нарығындағы жұмысшы мамандарына деген сұранысты ескере отырып, 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін облыстың жұмыссыз тұрғындарын түрлі жұмысшы мамандыққа оқытуда демеушілік көрсетті. Өткен 6 жылда 12 мамандық бойынша 2612 адам оқудан өтіп, оның 2025-ы жұмысқа орналастырылған.
Тағы бір айта кететін жайт — Келешек кеңею – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы шеңберінде жұмсалған 760 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны қоса алғанда қазақстандық қамтуды дамытуға 1,5 миллиард АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсалды. Жалпы кәсіпорын 1993 жылдан бері 51,4 миллиардтан астам АҚШ долларына қазақстандық қамтушылардың тауары мен қызметін сатып алған. ТШО-ның 1993 жылдан бастап 2025 жылдың екінші тоқсаны аралығындағы Қазақстан Республикасының бюджетіне құйған тікелей қаржы төлемі /оның ішінде кәсіпорынның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақастандық тауар өндірушілер мен қамтушылардың өнімдерін, қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржыны, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын төлемдерді, қазақстандық серіктеске бөлінген дивиденттерді, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салық пен роялтиді қоса алғанда/ 206,3 млрд АҚШ долларына жуықтады.
Әрине, мұнай-газ өндірісінің көлеңкелі жағы да бар. Экологиялық қауіп – соның бірі. Бұл жергілікті халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні белгілі. Бұл туралы соңғы кездері жиі айтылып, жазылып, тіпіті Атырау аймағын экологиялық апат аймағы деп тану туралы да бастама көтерілді. Сонымен қатар, мұнай өндіретін аймақтардағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі бар. Мұнайдан түсетін табыс көбіне республикалық бюджетке кетеді. Ал бұл да өз кезегінде жергілікті халықтың ренішін тудыратыны жасырыны емес. Энергетика саласында жүрген сарапшыларға сенсек, табыстың әділ бөлінуі – ең өзекті мәселе.
Бәрін айт та бірін айт демекші, қалай дегенмен де мұнай-газ саласының қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етіп отырғаны рас. Мұнай — тұрақты жұмыс орны, мұнай — жоғары жалақы, мұнай – салынған мектеп, балабақша, аурухана, мұнай — жүзге асқан жобалар, т.б…
Дегенмен, мұнайға, оның күнделікті құбылатын бағасына тәуелді болудың салдары жақсы болмақ емес. Сондықтан, мұнайдың әр тамшысынан түскен қаражат халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсара түсуі үшін экономиканы әртараптандыруға жедел кіріскен дұрыс. Сонда ғана «қара алтын» шикізат емес, қазақстандықтардың әл-ауқатының басты кепіліне айналмақ.
ЖАНАР НИЗАМУТДИНОВА