Caspianlife, 25 сәуір. Бүгінгі таңда Қазақстанда 265 баспана іздеуші адам және 301 босқын тұрады. Республика аумағында баспана алған барлық шетел азаматтарына Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы босқындарға қатысты міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғау мен қолдау көрсетіледі.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) баспасөз қызметі хабарлады. Ведомство 1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстанның 1951 жылғы БҰҰ-ның «Босқындар мәртебесі туралы» Конвенциясына ресми түрде қосылып, белгілі бір міндеттемелерді қабылдағанын еске салды.
Қазақстан аумағында баспана іздеушілер мен босқындардың құқықтық мәртебесіне қатысты қоғамдық қатынастар «Босқындар туралы» заңмен реттеледі. Бұл заң босқындардың құқықтары саласындағы халықаралық құқық қағидаттарына негізделген: елден шығармау, босқын мәртебесін беру рәсімінің ашықтығы мен қолжетімділігі, кемсітпеу, ақпараттың құпиялылығы, отбасын біріктіру және босқын балалардың құқықтарын қорғау.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 265 баспана іздеуші мен 301 босқын тұрады. Олардың көпшілігі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады», — делінген хабарламада.
Қазақстанда баспана іздеуші тұлғалар мен босқындарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, босқындар мен баспана іздеушілер еңбек ету және кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне ие. Басқа шетел азаматтарынан айырмашылығы, олардан еңбек қызметімен айналысу үшін жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу талап етілмейді.
Қазақстан заңнамасы барлық балалардың, соның ішінде босқындар мен баспана іздеушілердің балаларының мектепке дейінгі, бастауыш және жалпы орта білімді тегін алуына, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді конкурстық негізде алуына құқық береді.
Босқындар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға және азаматтық алуға өтініш бере алады. Құжат тапсыру кезінде олардан шыққан елінен соттылығы жоқтығы туралы анықтама талап етілмейді.