CaspianLife, 21 сәуір. Қазақстанда экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың отырысында, өткен аптада вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында, осындай мәлімет айтылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыста ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин 2024 жылы Қазақстанда балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 9,3%-ға өсіп, 96,6 мың тоннаны (2023 жылы – 88,3 мың тонна) құрағанын мәлімдеді. Ел ішінде балық тұтыну жан басына шаққанда 4 келіден 5 келіге дейін артқанына қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 11%-ға азайып, 26 мың тоннадан 23,4 мың тоннаға төмендеген.
“Қазақстандық балықтың әлемнің жиырмадан астам елінде жоғары сұранысқа ие болуына қарамастан, экспорттың төмендеуінің негізгі себебі – логистиканың өзгеруі және соның салдарынан Еуропа Одағы елдеріне балық өнімдерін жеткізу құнының қымбаттауы”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, елімізде аквамәдениеттің дамуы көбінесе мемлекеттік қолдаудың арқасында қамтамасыз етілетіні айтылды. Соңғы үш жылда балық өсіретін шаруашылықтар саны екі есе өсіп, бүгінде 600 шаруашылыққа жеткен.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы құны 11,7 млрд теңге болатын 30 балық өсіру жобасы іске асырылып, 2,6 мың тонна өнім өндірілген. Қонаевта баррамунди, Қостанайда бекіре, Қызылорда облысында сазан өсіретін шаруашылықтар ашылды.
2025 жылы құны 2,3 млрд теңге болатын 12 жобаны іске қосып, балық өсіру көлемін 3,9 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Балықты өңдеу көлемін арттыру мақсатында бұл саладағы жобаларға 2,5% мөлшерлемемен қолжетімді несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, өңделмеген күйдегі балықтың сыртқа шығарылуына шектеу қойылып, Каспий теңізінде килька аулау лимиті 8 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.
Қазіргі таңда Сенат қарауында жатқан “Аквамәдениет туралы” заң жобасы әзірленді.
Балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын азайту үшін “е-fish” атты ақпараттық жүйе пилоттық режимде іске қосылды.
Үш мемлекеттік балық питомниктерін – Атырау бекіре зауыты, Петропавл және Қамыстыбас балық питомниктерін қалпына келтіру мәселесі жеке көтерілді. Бұл питомниктерді жаңғырту балық шабағын өндіру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларында балық жүретін арналардың тайыздануына байланысты қосымша түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет.
Каспий итбалығын сақтау мақсатында өткен жылдың соңында “Каспий итбалығы” мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын. Енді резерватты қажетті құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдау қажет.
Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрлігіне қаржы министрлігімен бірге мемлекеттік балық питомниктерін жаңғыртуға қолдау көрсету мүмкіндігін қысқа мерзімде қарастыруды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердегі жеке балық шаруашылықтарын дамыту үшін болашағы бар жерлерді талдауды, ал каспийлік итбалықтар резерватын қажетті жабдықтармен және кадрлармен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін іздестіруді жүктеді.