CaspianLife, 23 желтоқсан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты болып, негізгі макрокөрсеткіштер оң нәтижелер көрсетті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірді дамытудың негізгі бағыттары өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. Осы салалардың тұрақты дамуына жаңа серпін беру мақсатында аймаққа инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы бес жылда өңірге 4 трлн теңге инвестиция тартылған.
2024-2026 жылдары Маңғыстау облысында экономика салалары бойынша жалпы инвестициялық құны 666 млрд теңге болатын 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биылғы жылдың 11 айында 36 млрд теңге сомасына 14 жоба іске қосылып, нәтижесінде 435 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өңдеу өнеркәсібі. Саланың жалпы өнімдік үлесі 5 жыл бұрын 2,8% болса, қазіргі уақытта оның үлесі 6,2% құрап, 9,0% өсім байқалып отыр.
Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 24,5% өсіммен 34,5млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31,2%-ға көбейді. 4 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді.
2025 жылы құны 3,5 млрд.теңге болатын жұмыртқа, құс еті өндіру және жылыжай кешенін салу жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар Қарақия ауданында пилоттық жоба ретінде 3300 түп зәйтүн ағашы егілді. Күткен нәтижеге қол жеткізілсе, бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Көлік және логистика саласы. Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Ендігі мақсат осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 215 шақырымды қамтитын жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарында 2 құрылыс және 10 реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері Ақтау, Құрық және Солтүстік терминал порттары арқылы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 6,8 млн.тоннаны құрап, 3,4%-ға өскен. Фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 52,3 мың контейнерлік бірлікке жетіп, өсім 2,5 есені құрады.
Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2026 жылдары 44 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңғырту жоспарланған. Биыл жобаның 1-ші кезеңі бойынша тозығы жеткен 11,5 ш/қ жылу құбыры толық ауыстырылды. Маңғыстау облысын ауыз сумен қамту мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Маңғыстауда кәсіби балық аулау қайта жандана бастады. Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылды. Бүгінгі күні Каспийден балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алу жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделуде.
2024 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер 1 трлн.теңгенің өнімін шығарды. Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 17,5 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, 411 жұмыс орны сақталды. Сондай-ақ, 373 жаңа жұмыс орыны ашылуда.
Туризм саласы. Маңғыстауға шет мемлекеттер мен ел аймақтарынан 215 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі де 40% өсіп, 6,6 млрд.теңгені құрады.
Білім беру саласы. Биыл Маңғыстау облысында 4 800 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді, 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 13 мектептің құрылысы жүруде.
Қоғамдық көлікті жаңарту. Сондай-ақ, Ақтау қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Биыл Маңғыстауда лизингтік қаржыландыру арқылы метан отынымен жүретін 120 автобус сатып алу жоспарланды.
Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде.