CaspianLife, 18 желтоқсан. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Швейцария Конфедерациясының елші орынбасары Тобиас Вердермен және Халықаралық көші-қон ұйымы, БҰҰ Көші-қон агенттігінің (ХКҚҰ) Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопракпен кездесті.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесуде шетелде жұмыс істегісі келетіндерге қолдау көрсетуге бағытталған БҰҰ Көші-қон агенттігінің «Алдын ала даярлау орталығы» жобасы қаралды. Қазақстандағы БҰҰ миссиясының басшысы Серхан Актопрак осы жобаның жұмыссыздықты азайтуға, серіктестік нығайтуға және жаһандық Көші-қон қозғалыстарға үлкен әсер ететінін атап өтті. Өз кезегінде Серік Шәпкенов ХКҚҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін және жобаны Атырауда пилоттық негізде іске қосуға қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
Біздің өңірімізде, мұнай-газ саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылып жатқандықтан, мамандарды еңбекпен қамту мәселесі ерекше маңызды. Мұнда жоғары білікті мамандар көп жұмыс істейді, олардың ерекше тәжірибесі еліміз шекарасынан тыс жерде де сұранысқа ие. Біздің міндетіміз – осы мамандарға халықаралық аренада өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Алдын ала даярлау орталығы осы бағытта үлкен көмек көрсетеді. Ол біздің азаматтарымызға тек өз бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ қажетті ақпаратты алу, оқыту курстарынан өту, басқа елдерде жұмысқа орналасу шарттары мен талаптарымен танысу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, осындай жобаның Атырауда пилоттық негізде іске қосылуы – стратегиялық маңызды қадам, біз Алдын ала даярлау орталығының біздің азаматтарымыздың шетелде табысты жұмысқа орналасуына, серіктестік байланыстарды нығайтуға және жаһандық Көші-қонды дамытуға серпін беретініне сеніміміз мол, – деді С. Шапкенов.
Ақпарат ретінде: қазіргі таңда Атырау облысының 1 мыңнан астам тұрғыны Ресей, Қатар, БАӘ, Оңтүстік Корея, Венгрия, Чехия секілді елдерде жұмыс істейді.
Сурет: Рахим Койлыбаев