Интернет Қазақстандағы карантиндік режим басталғалы алаяқтардың арам ниетін жүзеге асыратын орынға айналды. Осы жылдың алғашқы алты айында тіркелген алаяқтық сарындағы оқиғалардың жартысынан көбі әлеуметтік желі арқылы жасалған.
Сондай қаскөйлердің қармағына түскен Махамбет те «ұтысқа ие болдыңыз» деген хабарламаға алданып қалғанын айтады.
– Мен интернет желісінде алаяқтарға тап болдым. Құнды дүние ұттың деп маған хабарлама келді. Сіз бізге жеткізіп беруге кететін шығынның ақшасын жіберіңіз деген соң, айтқандарын жасадым. 1 аптада келуі тиіс ұтысым кешіккен соң, оларға хабарлассам, телофонды да алмайды, хабарламама да жауап бермеді, – атыраулық Махамбет Мұғалімов.
Бірақ ол өзінің алаңғасарлығы үшін алаяқтардың үстінен шағым түсірмеген.
– Ғаламтордағы алаяқтық көбіне whatsapp, faсebok, instagram секілді әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалады. Бірінші түрі – колеса.кз арқылы жалған жарнамалар шығарып, автобөлшектерді сатып, жеткізіп береміз деп алдау түрі. Екінші түрі – инстаграмда ақшаны 20-30 пайыздық мөлшермен көбейтіп береміз деген жарнамалар арқылы адамдардың ақшасын қолды қылып жатады, – дейді Атырау облыстық ПД криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы Абай Жұмабаев.
Мамандардың кеңесіне сенсек, интернет желісімен сауда жасау барысында сақтық шараларын ұмытпанған жөн. Тым арзан тауарларды ұсынатындардың төлқұжатын сұрап, жеке ақпаратымен танысып алу керек.