Атырау облысы Президент қатаң сынаған өңірлердің қатарына енді. Қасым-Жомарт Тоқаев селекторлық кеңес кезінде әкімдер мен Үкімет тарапынан шұғыл шешімді талап ететін бірнеше мәселені атап өтті. Олардың қатарында дәрі-дәрмектің тапшылығы және қымбатшылығы, медициналық құрал-жабдықтардың, кадрлар мен зертханалардың жетіспеушілігі, сондай-ақ, статистикадағы елеулі қателіктер бар.
– Біздегі ең үлкен мәселе – әуел бастан науқастардың Теңіз кенішінен шыға бастауы. Көбі Теңіз кенішінен анықталды. Сонымен қатар, бізде 100 мың адамға шаққанда 21 мыңнан астам адамнан тест алынады, скрининг жасалады. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Ал миллиондаған халқы болса да, көрсеткіштері бізден аз өңірлер бар. Егер өзге өңірлерде де біздегідей скрининг жасайтын болса, осындай көп шығуы мүмкін, – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлы.
Жауапты тұлғалардың пікірінше, қазіргі уақытта мемлекеттік менеджмент деңгейінде елеулі жұмыстар атқарылуда. Оның ішіне тәулік бойы кеңес беретін колл-орталық пен ковид-такси қызметі кіреді. Сонымен қатар, осындай бірізді жұмыстың арқасында дәрі-дәрмек тапшылығы мен олардың бағасын тұрақтандыру мәселесі де шешіліп жатыр.
Ержан Қалымбайұлының айтуынша, 60 тоннадан астам дәрі-дәрмектің 400-ден астам түрі қажетті жерге көліктермен жеткізілген. Осы аптаның ішінде тағы да қосымша көмек келеді.
Дегенмен облыстағы санитария талаптары ойдағыдай сақталмай тұр. Құқық қорғау қызметкерлерінің берген ақпаратына сәйкес, соңғы екі аптада 20 шақты отбасылық мереке ұйымдастырылып, барлығына айыппұл салынды. Ал жақында тағайындалған бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабұловтың пікірінше, карантин ережелерінің қатаңдығы жағдайдың тұрақтануына әкелген.
Ереже бұзғандармен күрес алдағы уақытта да жалғаса бермек. Бұндағы мақсат – қауіпті індетті одан әрі таратпау. Бұл жерде тұрғындар арасында жүргізілетін түсінік және жалпы мониторингтік жұмыстардың ықпалы зор.