CaspianLife, 12 шілде – Атырауда аптап ыстық басталғалы қарақұрт шағып алған адам саны күрт көбейіп кетті. Осы уақытқа дейін улы жәндіктен облыс бойынша 20 адам зардап шеккен. Үшеуі бала. 6 адам жансақтау бөлімінде жатып шығыпты. «Қазір бәрінің жағдайы жақсы. Қарақұрт уына қарсы препарат қабылдаған соң үйлеріне жіберілді, — дейді дәрігерлер.
Эпидемиолог дәрігер Руслан Қайыржанов зиянкес шаққан белгілер байқалса, көп созбай дәрігердің көмегіне жүгіну керек дейді.
«Жер үйде тұратын адамдар бар.Оларға шарбақтарын тазалағанада дене терісін толықтай жабатындай етіп кинініп, қолғап киіп тазалауы қажет. Және сыртта аяқ-киімі болса, сырттан үйге кіргенде киімін мән беріп қарауды ұсынамыз. Жалпы көбінесе ересек адамдарда осы белгілер лоқсу, жүрек айну, қан қысымының жоғары болуы және шаққан жерде өткір ауырсыну болады. Белгілер байқалса, уақыт созбай дәрігерге көріну керек» -деді ол.
Қарақұрт жайылымда жүрген түліктерге де тыныштық берер емес. Күні бүгінге дейін аймақ бойынша 400-ге жуық түйені шағып, оның 63-і сеспей қатты. Ветеринарлар 114-ін әлі емдеп жатыр.