CaspianLife, 19 маусым — Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын, Мақат ауданын басқарған Ринат Ибрагимов сотталды. Атырау қаласының №2 сотының судьясы Абылай Қарабеков оның бас бостандығын 2 жылға шектеді. Және бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваға 2 миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс деген үкім шығарды. Ринат Ибрагимовке қатысты іс ҚР қылмыстық кодексінің 107 бабы, 2-бөлігінің 3 тармағы бойынша қаралған еді. Анығын айтқанда, сотта шенеуніктің әйелінің денсаулығына қасақана зақым келтіргені дәлелденді.
Еске салайық, мамыр айында Ақмарал Үмбетқалиева өзіне күйеуі — Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтың 11 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіп келе жатқанын айтып, видео жариялаған еді. Ақмаралдың сөзінше, былтыр мамыр айында сол кездегі заңды жұбайы оны үйде балаларының көзінше ұрып-соққан.