CaspianLife, 7 қараша — Атырауда микроқаржы кеңсесіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Оқиға кеше таңертең болған. 6 қараша күні сағат 11:00 шамасында «102» операторына әйел адам қоңырау шалып, медициналық бетперде киген белгісіз ер адам микроқаржы ұйымының кеңсесіне кіріп, үшкір затпен қорқытып, кассадан ақша алып кеткенін хабарлаған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеру барысында Жедел басқару орталығының қызметкерлері Мұса Баймұханов көшесі тұсында медициналық маскамен кеңсеге кіріп, күдік тудырған ер адамды байқап, учаскелік полиция инспекторларына бағыттама берген. Кеңсе қызметкерін үшкір затпен қорқытқан күдікті 341000 теңге тонап, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлер оқиға орнына жетіп, ер адамды ізін суытпай ұстады.
«Шағын қаржы ұйымы кеңсесінің қызметкерін үшкір затпен қорқытып, 341 мың теңге көлеміндегі қаражатты алып, қашпақ болған. Қазір 40 жастағы ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлігі 4-тармағы, яғни тонау фактісі бойынша тергеу амалдары басталды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.