CaspianLife, 30 қазан — Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты бірнеше кен орнының жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Сотқа төтенше жағдай министрлігінің заңгерлері жүгінген. Олар қауіпті саналатын өндіріс орындарын және компания ішіндегі техникалық құрылғыларды пайдалануды тоқтатуды талап еткен, — деп хабарлайды CaspianLife Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл мамыр айында Атырау облыстық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері «Ембімұнайгаз» АҚ-на тиесілі кен орындарын профилактикалық бақылау жүргізді. Тексеріс барысында қауіпсіздік жағынан біраз кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, Балғымбаев кен орнында бу қазандығының техникалық жағдайын анықтау мақсатында сараптама жасалмапты. «Оны пайдалану мерзімі өтіп кеткен, бұл қауіпсіздікке нұқсан келтіреді», — дейді департамент өкілдері. Сондай-ақ мекеме Забурын кен орнындағы техникалық құрылғылар мен өндірістік ғимараттарды зерттеп, диагностика жасау туралы ұсынысты да орындамаған. Ботақан кен орнындағы резервуарлар герметизация және техникалық жарақтылық талабына мүлде сәйкес болмай шықты.