Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы лифт құлаған супермаркет қызметкерінің қазасына қатысты тексеріс жүргізбейтін болды.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары қаза тапқан адам қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс істегенін анықтаған. Осы себепті инспекция заңнама бойынша тергеу жүргізе алмайды. — Еңбек заңнамасына сәйкес жергілікті орган — инспекция тек қызметкер мен жұмыс берушіге қатысты еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың бұзылуына тергеу жүргізе алады. Өкінішке қарай ол жалдамалы қызметкер болғандықтан, облыстың еңбек инспекциясы тергеу жүргізе алмайды, — деді Маңғыстау облысының мемлекеттік инспекторы Мұхтар Сансызбаев.
Еске сала кетейік 2023 жылдың 24 қазанында сағат 01.10-да 3 шағын ауданда 34 жастағы ер адамның үстіне лифт құлаған болатын. Қызметкер нан салынған арбаны шығарамын деп жеделсатының астында қалып қойған. Бұл факт ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігі бойынша Ақтау қ. ЕҚДБ-да тіркелген. Сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.