Caspian Life, 20 қазан.Биыл 3 наурыздан бері 8 млрд теңгеден астам борышы бар 5,7 мыңға жуық адам банкрот деп танылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді.
«Биыл 3 наурыздан бастап банкроттыққа 69 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,7 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды», — деді Қаржы министрі Парламент тыңдауында.
Министрдің айтуынша, сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген. Дегенмен жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілер салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр.
«Осыған байланысты келесідей нормалар ұсынылады: соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту; азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау. Әрине, банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шеше бермейді, көпшілігі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Бұл жерде 5 жылға дейін жаңа несие ала алмайды, үш жылға дейін қаржылық жағдайын тиісті органдар мониторингтен өткізеді. Бұл жерде түсіндіру жұмыстары оң ықпал етеді», — деді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.