CaspianLife, 8 қыркүйек — Құлсарылық оқушылар халықаралық жарыста бақ сынайды, деп хабарлайды Caspian Life.
5 дарынды оқушыдан құралған «E=mc2» командасы Астанада өтіп жатқан FIRST Global Challenge робототехника бойынша халықаралық жарыстың Орталық Азия кезеңіне жолдама алды.
Биыл көктемде Құлсары қаласының №8 мектебіндегі STEAM зертханасының базасында Теңізшевройл компаниясының қолдауымен Zhylyoy STEAM Mekeni жобасы ұйымдастырған қызықты хакатон өтті. Іс-шараға 370 оқушы қатысып, Ерболат Абдулла, Нұрым Ермекбай, Ғабдурахман Сайын, Сағындык Қайырғалиев және Нұртас Сағатжан жеңімпаз атанды.
Жарыстың басты жүлдесі — финалдық ойындар өтетін Сингапурдағы халықаралық кезеңге саяхат. «E=mc2» командасын тәжірибелі жаттықтырушы және тәлімгер, осы жазда Алматы қаласында өткен FIRST Lego Championship жарысында жеңіске жеткен Нұрсәуле Қуаныш қолдау көрсетеді.