CaspianLife, 8 қыркүйек — Бұл туралы облыстық Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife.
Оның айтуынша, өңірде 2 наурыздан 7 қыркүйекке дейін қызылша ауруына күдікпен 372 жағдай тіркелген. Олардың ішінде 337-і Атырау қаласында, Жылыойда — 16, Құрманғазыда — 7, Махамбетте 6 және Исатай, Қызылқоға, Индер аудандарында 2 жағдай. Ал 269 жағдай зертханалық жолмен дәлелденіп отыр.
— Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – бұл вакцинопрофилактика,- деді А.Сәрсенғалиева.
Облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу арқылы жүзеге асады. Вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Ол тиімді және қауіпсіз, әрі ақысыз түрде жергілікті мекенжай бойынша емдеу мекемесінде атқарылады. Екпе жұмысы Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық кезде, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 9649 адам қызылшаға қарсы вакцина алған.