CaspianLife, 7 тамыз — Хиуаз аулының тұрғындары жол құрылысынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Құрманғазы ауылына қарасты Хиуаз ауылының орталық көшесінде тұратындар тезере ашудан қалған. Кешкілік көшеде отыру да мүмкін емес. Өйткені, осыдан 2 жыл бұрын ауыл ішіне жол саламыз деп бар асфальтты қырып тастаған. Енді ауылдағы ағайын шаң-тозаңға тұншығып отыр. Су уақытылы шашылмайды, техника үнемі бұзылып қала береді дейді тұрғындар.
«Жолдың бастығы уақытында шашып тұру керек қой. Сол үшін ақша алып отыр. Ойбай шашып жатырмыз, тегістеп жатырмыз. Техникалар дірілідеп кетіп бара жатыр. Көргеніміз қорлық» — деді Хиуаз ауылының тұрғыны Шалқар Сапарғалиев.
«Кешке қарай демалып отырайын десең, оған мүмкіндік жоқ. Терезе аша алмаймыз. Қазір күн ыссы. Түнде терезе ашайын десең тағы көк шаң. Күндіз де солай. 2-3 күннен бері су шашылып өткен жоқ. Су шашқан уақытта өтсе бір өтеді. Шашылмайды. Бірнеше күн болды су шашылған жоқ» — деді Хиуаз ауылының тұрғыны Әзия Жамалиденова.
2 жыл бұрын жол салуды бастауға тиіс мекеме – «Атырау жолдары» ЖШС. Алайда, жоба ескі болғандықтан ол түзетуге жіберілген. Сондықтан, ауыл тұрғындары шаң басу үшін күн сайын су шашылғанын қалап, басшыларға мәселені бірнеше рет айтқан.
«Тұрғындардың өтініші негізінде оған тапсырма бердік. Аптаға жолды 2 рет қырып, су шашып тегістеп тұру керек. Ол жерде күн сайын деген мәселе болған жоқ. Олар оны жүргізіп тұр. Техника болғасын бұзылады. Бірақ, қалай еткенде де 3 күннен кейін келмей қалса да келесі күні келіп, су шашу жұмыстарын жүргізеді» — деді Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.
Әкімдіктегілер мердігерге шаң жуытар емес. «Есеп тапсырып отыр, жұмыс істеліп жатыр» дейді. Жалпы кірме және ауыл ішілік жобаның алқашқы құны – 1 миллиард 670 миллион теңге. Бұл сандар алдағы уақытта өзгеретіні анық. Себебі, ұзындығы 10 шақырым болатын жолдың жобасына өзгеріс енгізілуде.