CaspianLife, 2 тамыз — Атырау облысында әлеуметтік осал топ санатына жататын отбасылардың балаларына арналған «Мектепке жол» акциясы басталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл науқан қазір елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Жылдағыдан ерекшелігі — көмек бұрынғыдай заттай емес, ақшалай беріледі. Яғни ата-ананың немесе қамқоршының жеке шотына ақша аударылады. Биыл мектеп формасы мен сабақ құралын алу үшін әр балаға 40 567 теңге бөлінеді. Материалдық көмекті өңірдегі 14790 оқушы алғалы отыр. Бұл қатарда табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары мен жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
«Акцияда өзгерістер жоқ. Енді алдындағы акцияларға қарайтын болсақ, біз мұны мектеп формасымен құрал-жабдықтармен жабдықтап жатқан болатынбыз. Халықтан наразылық туғаннан кейін біз тек қана қаражатты берейік деп жоспарлап отырмыз. Бұл акция өткен жолы да жалғасқан болатын, осы жылы жалғасады. Тек қана сұрайтынымыз ата-аналардан қаражатты сол бағытта соған жұмсауын сұраймыз» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.
Фото: Turkystan.kz