CaspianLife, 26 шілде —Атырауда «100 аула» жобасы бойынша басталған жұмыс кейбір учаскелерде тоқтап тұр, деп хабарлайды CaspianLife. Тұрғындар әдеттегідей алғашында тым жақсы қарқынмен басталған шаруаның неге саябырсып қалғанын түсінбей дал. Мердігерлер үйлердің ауласындағы асфальттың алғашқы қабатын қырып тастап, тротуарлардың негізін, ойын алаңын салуды бастағанмен бітетін түрі көрінбейді. Жалпы биыл қаладағы «Авангард», «Лесхоз», «Огородный», «Вокзал маңы», «Алмагүл» сынды бірнеше ықшам аудандағы 76 үйдің ауласын абаттандыру басталған. Бұл жұмыспен 3 мердігер мекеме айналысып жатыр. Тұрғындар бір кварталдағы жұмысты аяқтамай, келесісіне кірісуге асықпау керек еді дейді. Әкімдіктегілер кейбір ықшам аудандардағы жұмыстың саябырсуына себеп бар дейді. Нақтырақ айтқанда, 2 мердігердің бірнеше жобасына түзету-толықтыру енгізіліп жатыр.Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп. Әкімдік келер жылы 150 ауланы абаттандырмақ ниетте. Қазір олардың жобасын жасақтап жатыр.