CaspianLife, 14 шілде — Атырау облысына 185 дәрігер қажет, деп хабарлайды CaspianLife.
Атап айтсақ, өңірге анестезиолог-реанимотолог, жалпы практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист секілді мамандар керек. Бұл туралы облыстың бас дәрігері Қайсар Абдалиев брифинг кезінде мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы 6 айда облыста туу көрсеткіші төмендеген. Жыл басынан бері 7973 нәресте дүниеге келген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға аз. Алты ай ішінде 64 нәресте шетінеген.
«2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда нәресте өлімінің абсолютті көрсеткіші 5 сәбиге азайып отыр. Көрсеткіш 7 пайызға төмендеді. Нәресте өлімінің негізгі себептері нәрестелік кезеңнің себептерінен 70 пайыз, туа біткен ақау 8 пайыз, тыныс алу ауруларының себебінен 6 пайыз, оқыс жағдайлар мен улану себептерінен 6 пайыз, жұқпалы және паразиратарлық аурулар 3 пайыз және басқа да жағдайлар 3 пайызды құрап отыр» — деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Бас дәрігердің айтуынша, 2025 жылға дейін 30-ға жуық медициналық нысан бой көтереді. Оның 8-інің құрылысы биыл аяқталмақ. Сондай-ақ, осы жылы 12 ғимараттың құрылысы басталады. Олардың арасында Атырау қаласындағы «Өркен» және «Нұрсая» ықшам аудандарындағы емхана мен жедел жәрдем стансасы да бар.