CaspianLife, 30 маусым —Атырау жұрты өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен кездесті,- деп хабарлайды caspianlife.kz. Іс-шарада «Жұлдыз» ықшам ауданының тұрғындары кәріз жүйесі мәселесін шешуді, кәсіпкерлер катерлердің жүру уақытын шектемеуді сұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандар министрліктің бұйрығындағы өздеріне көрсетілетін қызмет тізімін толықтыру керек дейді. Өйткені инватакси оларды ең қажет деген жерлерге апармайтын көрінеді. Министр мырза бұйрықты қайта қарап, қажет болса тізімді толықтырамыз дегенді айтты. Және инватакси қызметін көрсететін мекемелермен кездесіп, мәселенің мән-жайын түсіндіреміз деп отыр. Осы орайда министрліктің мойнындағы ауыр жүк ретінде есептелетін «Атырау-Астрахань» тасжолындағы жұмыс жайлы. Ведомства басшысының сөзіне сенсек, жұмыс жүріп жатыр. Исатай ауданына қарай барып келген басшы жылдың соңына дейін жолдың ашылатынына сенімді.Журналистердің сұрақтарына жауап берген Марат Қарабаев «Атырау-Маңғыстау» бағытындағы пойыз вагондарының биыл жаңармайтынын ашық айтты. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін өңірде ресейлік және жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп, геосинтетика бұйымдарын шығаратын кәсіпорын ашылады.