CaspianLife, 14 наурыз — Көрісу күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры алаңында «Амал келді — жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті, деп хабарлайды Caspian Life Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концерттік бағдарлама «Көрісу» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды әз Наурыздың жаршысы — Көрісу күнімен құттықтады.
— Біз үшін бүгін ерекше күн! Бұл күні тек көктеммен бірге тіршілік оянып қана қоймай, қыстан аман шыққан халық ағайынның амандығын біледі. Сондай-ақ, пендешілікке салынып араздасқан жандар кешірімдесіп, татуласатын күн. Көрісу — ата-бабамыздан бойымызға біткен текті дәстүр. Оны ешқашан ұмытпай, жастарға дәріптеуіміз керек. Көрісу күні құтты болсын!, — деді С.Шәпкенов.
Мерекелік шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театр әртістерінің өнерімен жалғасты. Олар көрісу салтын сахналап, сал-серілер өнерін ортаға салды. Жігіттер мен қыздар айтысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жас келіндер қонақтарға шашу шашты.