CaspianLife, 20 ақпан — Жаңаөзен қаласына жылдам шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева іс-сапармен келді. Гроссмейстер оқушылар шығармашылық үйінің кішкентай шахматшыларымен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын көрсетті, деп хабарлайды CaspianLife.
«Жаңаөзенге іс-сапармен келу Бибісараның өзінің талабы болды. Мақсатымыз кішкентай балдырғандардың шахматқа қызығушылығын арттыру әрі оларға білгенін үйрету болды. Наурызда шахматтан ҚР чемпионаты өткізіледі. Соған 215 қатысушылардан 100-ге тарта қатысушы іріктеуден өтті. Жаңаөзендік шахматшылар да біраз жетістіктерге жетіп жүр. Бұл бізді қуантады. Биыл 3-4 үлкен турнир өткізу жоспарымызда бар. Бұған облыс бойынша барлық қатысушылар қатыса алады» — деді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының президенті, атқарушы директор Фатима Елбаева.
Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион атанған спортшыны қала әкімнің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы және қала жастары қарсы алды. Олар әлем чемпионына алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.
Кәсіби спортшылармен ойнауды армандаған жаңаөзендік шахматшылар шеберлік сағатынан мол тәжірибе алды.