CaspianLife, 7 қараша — Атыраудағы «Арнаулы Автобаза» ЖШС қаланы қардан тазалау жұмыстарына толықтай дайын. Мұны мекеме директоры Алмас Ізтілеуов айтты.
Оның сөзінше, мекемедегі 47 техника көшелерді қардан тазалап, оны қала сыртына шығаруға сақадай сай. Бұл техникалардың қатарында құм мен тұз себетін машиналар да бар. Көліктер өткен аптада толық тексерістен өтіпті.
«Қар жауған кезде бәрі жұмылдырылып, қаланың ішінде әр жаққа бөлінеді. 4 үлкен жүк тиегіш погрузчик деп айтамыз және 2 кішірек мини бапкат деп айтамыз олар да бар. Және 10 трактор бар. Үлкен МТЗ81-2 және мини трактор бар. Комбированный техника бар. Жаздың күні су тасиды, қысты күні тұз, құм бәрін қаланың жолдарына төсеуге арналған техника», — дейді ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.
Алдағы қысқа деп 200 тонна құм, 150 тонна тұз сатып алынған. Егер қажеттілік болып жатса тез арада тағы да сатып алуға дайынбыз дейді мекеме басшысы. Қазіргі кезде мұнда 300 жұмысшы еңбек етеді. Олар қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілген. Коммуналдық жұмысшылар өткен қыста қаладан 3 мың текше метр қар шығарыпты.