CaspianLife, 8 қазан — Қала күніне орай қылқалам шеберлері Атыраудың суретін салды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жайық жағалауында суретшілер плэнері өтті. 10-ға жуық суретшілер қаланың сұлу көшелерін кенеп бетіне майлы бояумен бейнеледі.
«Өзім Атырау қаласында туып өстім. Жүрек қалауыммен осы мамандық бойынша тоғыз жыл біліп алып, қазір Кіші өнер Акедмиясында еңбек жолымды жалғастырып жатырмын. Астанадағы Ұлттық өнер университетінен білім алдым. Плэнер дегеніміз – еркін тақырыпта кенеп бетіне сурет салу. Сондықтан, қаламыздың сұлулығын түрлі түсті бояулардың көмегімен көрсету арқылы өз үлесімді қосайын деп шештім. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында өткен көрмелерге қатыстым», — дейді белгілі суретші Айгерім Кенжеғалиева.
Плэнер соңында суретшілерге қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Айта кетейік, шара Ш. Сариев атындағы өнер музейі және қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткізілді.